Ауылға келетін медициналық маманның әлеуметтік мәселелерін шешу керек – Премьер-Министр
«Өздеріңіз білетіндей, ауылдық жердегі денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту үшін арнайы ұлттық жоба әзірленді. Ауылдарда медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін барлық инфрақұрылымды жаңғырту қажет. Жоба аясында 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектісі салынып, қайта жөнделеді. Сондай-ақ, 12 аурухана жаңғыртылып, жаңадан 20 аудандық аурухана ашылады. Басқа да жобалар аясында, мысалы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша медициналық объектілер салу көзделіп отыр. Яғни, ауыл халқы үшін барлығы 700-ге жуық медициналық объектілер ашылады», - деді Ә. Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Ол үшін жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін бөлуді жедел қамтамасыз етіп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін шешуі қажет.
Бұдан басқа, жоба аясында ауылдағы медициналық ұйымдарды денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне интеграциялау көзделіп отыр. Сондай-ақ, жаңа технологиялар жаппай енгізіледі, бұл халыққа өздері тұратын өңірлерде сапалы медициналық қызметтер алуға мүмкіндік береді.
«Әрине, ұлттық жобаның аса маңызды аспектілерінің бірі – кадр тапшылығы проблемасын шешу және ауылдық жердегі медицина қызметкерлерінің біліктілік деңгейін арттыру. Сондықтан, өңір әкімдері ауылға келетін медициналық кадрлардың әлеуметтік мәселелерін шешуге назар аударуы қажет. Жас мамандар ауылға келіп, біліктілігін арттыруға және жұмыс істеп, сонда тұрақтап қалуға мүдделі болуы керек.
Жобада көзделген барлық шаралар ауылдағы медициналық қызметтің сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Осыған байланысты Ұлттық жобаны мақұлдауды ұсынамын. Денсаулық сақтау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, ұлттық жобадағы іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі қажет», - деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі А. Ғиният ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсартуға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы туралы баяндаған еді.