Ауыр атлетика: Раушан Мешітханова Қатарда үздік төрттікке ілікті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дохада ауыр атлетикадан өтіп жатқан Қатар кубогында қазақстандық Раушан Мешітханова үздік төрттікке ілікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық олимпиада комитеті мәлім еткеніндей, лицензиялық турнирде Раушан 87 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.

Қоссайыс қорытындысында 216 кг (99+117) нәтижемен Р.Мешітханова төртінші орынға ие болды. Ол жұлқа көтеруден құрама қоржынына қола жүлдені салды.

Тағы бір қазақстандық Екатерина Быкова 76 келіге дейінгі салмақта 210 кг (93+117) нәтижемен жетінші орынды қанағат тұтты.

Бұған дейін ерлер арасында Олимпиада чемпионы Нижат Рахимов пен Денис Уланов 81 келіге дейінгі салмақта жарыс жолына шыққан еді. Н.Рахимов қоссайыс қорытындысында 342 кг (150+192) көтеріп, жетінші орынға табан тіреді. Ал Д.Уланов 315 келімен (140+175) оныншы орынға тұрақтады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Игорь Сон Катарда жеңімпаз атанған болатын.

Алдағы жылғы Токио Олимпиадасына Қазақстаннан екі-ақ атлет (біреуі – ер, біреуі – әйел) қатыса алады.

Соңғы жаңалықтар