Ауыр атлетикадан Азия чемионатының алғашқы бәсекесі жексенбі күні басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл ауыр атлетикадан Азия чемпионаты Ташкент қаласында өткелі тұр. Бұл да спортсүйер қауымның назарын өзіне аударатын іс-шара болмақ. Өйткені әлем бойынша небір мықты ауыр атлеттер Азияда тұрады.

Ауыр атлетикадан Азия чемионатының алғашқы бәсекесі жексенбі күні басталады

«Қазспорт» телеарнасы Азия чемпионатын тікелей эфирде көрсетуді жоспарлап отыр. 24 сәуір, жексенбі күні Астана уақытымен 17-00-де 48 келіге дейінгі салмақтағы қыздар бәсекесі басталады. Сағат 20-00-де 56 келіге дейінгі салмақта ерлер күш сынасады.

Бірқатар салмақтар бойынша Қазақстан спортшылары да өз әлеуеттерін көрсетеді. Алдын ала берілген мәліметтер бойынша, бұл додаға біздің елдің бес спортшысы қатысады. Өйткені бұл чемионат Олимпиадаға жолдама беретін лицензиялық жарыс болып табылады.

Екі Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстанның ауыр атлеттері Рио-де-Жанейро қаласында өтетін ХХХІ Олимпиада ойындарына толық құрамда қатысу үшін қажетті лицензияға ие болған еді. Атап айтқанда, Риоға 6 ер және 4 әйел адамға жолдама алынды. Ал нақты кімдер қатысатыны жаһандық бәсеке екі ай қалғанда белгілі болмақ.

Ауыр атлетика бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Алексей Ни баспасөзге берген сұхбатында маусымның 3-і мен 7-сі аралығында Талдықорған қаласында Қазақстан біріншілігі өткен соң, Олимпиада ойындарына баратын үміткерлердің нақты құрамы белгілі болатынын мәлімдей келіп: «Бізге Олимпиада алдында жақсы дайындығы бар және Риода ең жоғарғы орын үшін күресе алатын мықты спортшылар керек», - деген еді.