Ауыр атлетикадан Азия чемпионатында қазақстандықтардың қоржыны 3 алтын 1 қола медальмен толықты
АЛМАТЫ. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ауыр атлетикадан Талдықорғанда өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандықтардың қоржыны 3 алтын, 1 қола медальмен толықты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұған дейін қазақстандықтардың арасынан ең алғашқы болып 63 киләға дейінгі салмақта Майя Манеза қола жүлдегер атанған еді. Кеше Татьяна Хромова (+ 75 кг), Светлана Подобедова (75 кг) мен Владимир Седов (94 кг) алтын, ал Алмас Өтешов (85 кг) қола жүлдеге ие болды. Мамырдың 9-ы күні жалауын көтерген бұл дүбірлі додаға аттанар кезінде бас бапкер Алексей Ни әйелдер арасында 1, ерлер арасында 1 алтын медаль олжалап командалық есепте үздік үштіктің қатарына енуді жоспарлап отырғандарын айтқан болатын. Алтыннан басты үміткер саналған С. Подобедова мен В. Седовтың қатарына Т. Хромова қосылып отыр. Бүгін ақырғы сайыс 105 және одан жоғары салмақтағы атлеттер арасында өтеді. Онда ел намысын Аслан Абдуллаев (105 кг) және Айбол Алдабергенов пен Яков Берх (+105 кг) қорғамақ.