Ауыр атлетикадан Қазақстан рекорды жаңартылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында ауыр атлетикадан Қазақстан спартакиадасы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыр атлетикадан Қазақстан рекорды жаңартылды

«Жастар» спорт сарайында 4 тамызда басталған жарыстың алғашқы күнінде әйелдер арасында - екі (45 және 49 келі), ерлер арасында екі (55 және 61 келі) салмақта жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

45 келі салмақта әйелдер арасынан Алматы облысының ауыр атлеті Юлия Потасова чемпион атанса, екінші орынды жамбылдық Айнұр Әбдіхалықова жеңіп алды. Ал үшінші орынға Ақмола облысының атлеті Айым Мұхамеджанова қол жеткізді.

49 келі салмақтың бас жүлдесін де Алматы облысының өкілі Наталья Бедрик иеленсе, екінші орынға Нұр-Сұлтан қаласынан барған ауыр атлет Алтыншаш Оразбек қол жеткізді. Үздік үшінші орыннан Ақмола облысының спортшысы Диана Серебрякова көрінді.

Ерлер арасында 55 келі салмақта Алматы облысының спортшысы Игорь Сонға тең келер ешкім болған жоқ. Ол қос сайыс қорытындысы бойынша 260 келіні көтеріп, аталған салмақта Қазақстан рекордын жаңартты. «Күміске» Шымкент қаласының намысын қорғап жүрген Арли Чонтей қол жеткізсе, үшінші орынға жетісулық Алексей Дроздов ие болды.

61 келі салмақтың бас жүлдесін Алматы облысының спортшысы Тимур Хасаров қанжығасына байласа, күміс медаль Сыр өңірінің атлеті Азамат Төлегенге, «қола» Алматы облысының тағы бір өкілі Виктор Надворныйға бұйырды.

Айта кетейік, жарыста Қазақстанның 11 облысы мен үш қаласынан (Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан) 150-ден астам ауыр атлет бақ сынап жатыр. Олардың арасында белгілі атлеттер Зүлфия Чиншанло, Айзада Мүптилда, Илья Ильин, Нижат Рахимов, Денис Уланов, Арли Чонтей бастаған мықты спортшылар бар.