Ауыр салмақта да бәсекелестік бар -Егемен Қазақстан

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Егемен Қазақстан» газетінің 2018 жылғы 5 ақпандағы санында әуесқой бокстан аса ауыр салмақтағы Ұлттық құраманың боксшысы Қамшыбек Қоңқабаевтың сұхбаты жарияланды.

Ауыр салмақта да бәсекелестік бар -Егемен Қазақстан

«Ауыр салмақта да бәсекелестік бар» атты сұхбатта боксшы: «2017 жылы өзімнің ең алғашқы Азия және әлем чемпионатына қатыстым. Жәй қатысып қана қоймай, еліме күміс жүлде сыйладым. Барлығына еңбегіміздің, төккен теріміз бен бапкерлеріміздің айтқан ақылының арқасында жеттік. Кейде, шіркін, сол біріншіліктерде елімнің әнұранын шырқатқанда ғой, деп іштей қынжылып қаламын. Бұйырса, алдағы чемпионатта осы қателіктерімді түзетіп, көк туымызды биікте көтеру үшін барымды саламын. Аса ауыр салмаққа енді ғана бой үйретіп келемін»,- деді.

Осы нөмірде газет журналисі Сүлеймен Мәметтің «Бабалар сөзі елдіктің көзі» атты мақаласы жарық көрді. Онда журналист: «Жұрт болып жұмылудың, ұлт болып ұйысудың үлгісін бабалардан қалған сөздерді естіп, өнегені жазбалардан оқып отырғанда көз жеткізесің. Әсіресе, қазақтың төрт құбыласын түгендеп, кемін толтырып, кетігін бітеп отырған, бір ананың, бір әкенің тете ұлыңдай үш бидің өнегесін ту етіп төбеңе көтерсең, көкейіңе шырақ етіп жағып жүрсең, алдыңғының ақыл-парасатын қарынның қамы демей, көңіліңнен кетірмей, қарауылдай баға білсең - береке бірлік салтанат құрып, ұтылмайды екенсің»,- деген ой айтады.

Республикалық басылымның жаңа санында түрлі тақырыптарды қамтыған «Түйткілі көп тері өңдеу өндірісі», «ПИК кетсе, МИК келеді», «Ғаймолдиннің ғажайып әлемі» сынды мақалалар жарияланды.