Ауыз су бағдарламасының ойдағыдай орындалмауында біздің де кінәміз бар - Бас прокурордың орынбасары

Бұл туралы бүгін Астанадағы «Су ресурстарын ұтымды пайдаланудың, оның ішінде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы семинарда ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов мәлім етті.
«Бұл ең өзекті мәселелердің бірі. Атап айтқанда, өз су қоры жетіспейтін мемлекеттердің қатарындамыз. Өздеріңізге белгілі, елімізде халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған 2011-ден 2020 жылға дейінгі «Ақ бұлақ» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Өкінішке қарай бұған дейінгі осындай бағдарлама кемшіліксіз болған жоқ. Оның ойдағыдай орындалмауында біздің де кінәміз бар екенін мойындауымыз керек»,-деді Ж. Асанов.
Осы орайда ол «Ақ бұлаққа» дейінгі ауыз су бағдарламасының орындалуын тексеру кезінде облыстардың көпшілігінде бұл мәселе шешімін таппағаны анықталғанын жеткізді. «Өкілетті органдар жағынан қажетті бақылау болмағандықтан, сондай-ақ прокуратура органдары тарапынан тиісті қадағалау жасалмағандықтан жергілікті жерлерде сумен қамтамасыз ету нысандарын жобалау мен құрылысы кезінде қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзу жағдайларына жол берілді»,-деп тоқталды Ж. Асанов.
«Бұған дейінгі бағдарламада қарастырылған 2 мың 283 нысанның 9 пайызға жуығы жұмыс істемейді. Бұл шамамен 200 нысан және оның ішінде 42-сі ертерек пайдалануға берілген. Жалпы 2012 жылы мердігер ұйымдардың басшылары мен кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты 17 қылмыстық іс қозғалды»,-деді Бас прокурордың орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, соңғы жарты ғасырда ауыз суды пайдалану көлемі 8 есеге жуық артқан екен. Мамандардың пайымдауынша, ағымдағы жүзжылдықтың орта кезінде 50 ел суды импорттауға мәжбүр болмақ. 2025 жылға қарай 7 миллиард адамның 3 миллиарды су тапшылығын сезінеді.