Ауыз суды тартуға қосымша қанша қаржы бөлінеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр суды тарту жұмыстарына бөлінетін қосымша қаражаттың көлемін жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министрдің айтуынша, әкімдіктермен бірлесе отырып, сумен жабдықтау және суды тарту жобаларының тізбесі жасалды. Президенттің тапсырмасы аясында осы салаға қосымша 20 миллиард теңге бөлінетін болды.
«Жобаларды іске асырудың нәтижесінде 2025 жылға қарай қала тұрғындарының орталықтандырылған сумен жабдықтау 100 процентке жететін болады. Сондай-ақ, ірі қалалардың шеткі аймақтарының проблемаларын шешу үшін жыл сайын 30 миллиард теңгеден 90 миллиард теңгеге дейін қарастырылған. Ол қала маңындағы елді мекендерінің инфрақұрылымын арттырады. Биыл әкімдіктер сумен жабдықтау, суды тарту және жол құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттарды дайындады және іске асыруға дайын», - деді Р.Скляр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел тұрғындарын таза ауыз сумен қамту және газдандыру шараларын күшейтуді тапсырды. Осы мақсатта қосымша 140 миллиард теңге бөлінеді.
«Осының арқасында 2,2 миллион адамның проблемасын шешуге болады. Ал Астана, Алматы мен Шымкент сияқты ірі қалалардың маңындағы елді мекендерді дамытуға 2019-2021 жылдары қосымша 90 миллиард теңге бөлінетін болады», - деді Н.Назарбаев.
Бұдан бөлек, шағын және моноқалаларды дамытуға жыл сайын 10 миллиард теңге бөлініп тұрады. Аталған қаржы үш жыл бойы беріледі. ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, моно-шағын қалаларға бөлінетін қосымша қаржыға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бойынша 100 жобаны іске асыруға болады.