Ауызсу мәселесіне қатысты маңызды шешімдер қабылданады - Үкімет басшысы

АСТАНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов ауызсу мәселесі бойынша жан-жақты зерделенген ұсыныстар жасауды тапсырды. Бұндай тапсырманы Премьер-Министр бүгін Астанадағы «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ-ның жобаларымен танысу кезінде жүктеді.
None
None

«Кеңес барысында айтылған нәтижелер бойынша, сіздердің ғылыми қолдауларыңызды суға қатысты мәселелерді шешуде көргім келеді. Таза ауызсу, жер асты сулары, сумен қамтасыз ету шаралары алдағы айларда менің жұмысымда да басты басымдық болады. Осыған байланысты бірқатар кеңестер өткіземін. Атап айтқанда, маңызды шешімдер қабылданатын болады. Сондықтан осы тұрғыда ғылым тарапынан тиісті қолдау маған өте қажет», - деді Үкімет басшысы.

Осы орайда К. Мәсімов бұл бағытта ауқымды қаржы бөлінетінін айтып өтті. «Шешімдер дұрыс қабылдану үшін, барша жұмысты үйлестіру керек»,-деді Премьер-Министр.

Алдағы 10 жылда ең басты қауіпсіздік - су мәселесі тұрғысында болатынына тоқталған К. Мәсімов, «осыған байланысты ұзақ мерзімге арналған мәселелердің барлығына тиісті шешімдерді жасауымыз шарт. Яғни, Балқаш бойынша, Аралды қалпына келтіру тұрғысында мәселелер қамтылуы керек. Су - алдыңғы шепте тұрған мәселенің бірі. Сондықтан сіздердің тараптарыңыздан инновациялық әрі өзекті шешімдер күтемін. Бұл бағыттарға қаржы табылады»,-деді.

Үкімет басшысы осы тақырып аясындағы шаралардың барлығын жаңаша көзқараспен іске асыруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар