Аваза: Президент Тоқаевтың прагматикалық күн тәртібінің мәні
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8-9 қазанда Түрікменстанға жасаған жұмыс сапары Қазақстан дипломатиясының үш бағытын қамтыды. Олар — Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясындағы байланыс және Каспий теңізін сақтау. Авазада өткен кездесулерде бір-бірімен тығыз байланысты мәселелер талқыланды.
Сауда көлік инфрақұрылымына, өнеркәсіптік кооперация технологиялық әріптестікке тәуелді болса, Транскаспий бағытымен жүк тасымалдаудың болашағы Каспий теңізінің жай-күйіне байланысты. Қазақстан қандай бастамалар ұсынды және олардың бәрін қандай ортақ мақсат біріктіреді? Бұл туралы Kazinform сараптамалық материалынан оқыңыз.
Көршілік байланыстан ортақ экономикалық мүддеге дейін
8 қазанда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының сегізінші консультативтік кездесуі өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік ынтымақтастықтың жетістіктерін атап өтіп, оны одан әрі дамыту қажет екенін айтты. Өткен жылы өңір елдері арасындағы өзара сауда көлемі шамамен 13 млрд долларға жетті. Бұл мемлекеттеріміздің жалпы тауар айналымының 8 пайызына жуық.
Қазақстан бұл көрсеткішті 20 млрд долларға дейін арттыруды ұсынды. Президент сауда көлемін ұлғайту үшін шекара маңындағы сауда-логистика кешендері мен өнеркәсіптік кооперация орталықтарын дамытудың маңызын атап өтті. Бұл — жекелеген шекаралық жобалармен шектелмей, өзара байланысқан экономикалық жүйе қалыптастыруға көшу. Ол үшін сауда кедергілерін жою, өндірістік ынтымақтастықты кеңейту және көлік-логистика тораптарының жұмысын үйлестіру қажет.
Сондықтан Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға айрықша мән береді. Кейінгі жылдардағы үрдіс бұл бағыттың маңызы артып келе жатқанын көрсетеді. Ресеймен ынтымақтастық аясында «Солтүстік — Оңтүстік» көлік бағытын дамыту және TRIPP бастамасымен ықпалдасу да Қазақстан үшін өзекті.
Қазақстан түрлі көлік бағыттарын өзара байланысқан ауқымды жүйенің құрамдас бөлігі ретінде қарастырады. Ел ішіндегі инфрақұрылымды дамыту көрші мемлекеттерге қосымша көлік бағыттарын пайдаланып, сыртқы нарықтарға шығуға мүмкіндік бергенде ғана өңір үшін маңызға ие болады.
Консультативтік кездесуде су мәселесі Орталық Азиядағы тұрақтылыққа төнген негізгі сын-қатерлердің бірі ретінде аталды. Мемлекет басшысы трансшекаралық су ресурстарын басқарудың жаңа тәсілдерін әзірлеуді ұсынды. Бұл ретте өзара құрмет, тең құқықтылық және барлық мемлекеттің мүддесін ескеру қағидаттары басшылыққа алынуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы негіз ретінде Орталық Азияның су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын атады. Сондай-ақ БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын бірлесіп ілгерілету ұсынылды. Бұл ұйымның қызметінде Орталық Азияның ерекшеліктері ескерілуге тиіс.
Шығыстанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, өңір елдері суды бөлісумен шектелмей, су ресурстарына қатысты қауіп-қатерлерді бірлесіп басқаруға және оларды пайдаланудан түсетін пайданы үйлестіруге көшіп келеді.
— Ол үшін гидрологиялық деректермен тұрақты алмасу, су қоймаларының жұмыс режимін келісу, шығындар мен өтемақыларды ашық бөлу, сондай-ақ су, энергетика және ауыл шаруашылығы саясатын өзара үйлестіру қажет, — деді саясаттанушы.
Қазақстан ұсынған бастамалар арасында технологиялық даму мәселелері де маңызды орын алды. Консультативтік кездесуде Президент Тоқаев Орталық Азия елдерінің жасанды интеллект саласындағы әріптестік бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Бұл ғылыми орталықтарға, университеттер мен технологиялық компанияларға тәжірибе және ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.
Қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Нейрондық желілерді қолданудан туындайтын қауіптер халықаралық деңгейде талқыланып жатыр. Осыған байланысты Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану жөніндегі декларациясын әзірлеу ұсынылды.
Осылайша, технологиялық ынтымақтастық екі бағытты қамтиды: жаңа мүмкіндіктерді дамыту және қауіпсіздік мәселелеріне қатысты ортақ ұстаным қалыптастыру.
Әлемдегі тұрақсыздық жағдайында гуманитарлық саладағы бастамалардың да маңызы артып отыр. Атап айтқанда, Қазақстан Президентінің Телерадиокешені құрамындағы халықаралық Silk Way телеарнасының негізінде өңірлік телеарна құру ұсынылды. Сондай-ақ жастардың волонтерлік форумын өткізу бастамасы көтерілді.
Экономикалық зерттеулер институты Әлемдік экономика зерттеу орталығы директорының орынбасары Әлішер Базарбаевтың айтуынша, мемлекеттер өңірлік ынтымақтастықтың барлық бағытын қамтитын ұзақ мерзімді бағдарды алғаш рет айқындады.
— Өңір елдерінің бірлігін нығайтуда Қазақстанның рөлі айтарлықтай маңызды. Қазақстан өңірлік диалогты дамытуды қолдап қана қоймай, әріптестіктің нақты тетіктері мен ұзақ мерзімді тәсілдерін ұсынады. Сонымен бірге Қазақстанның бастамалары Орталық Азия мемлекеттерінің бірлескен жұмысы аясында қолдау тауып, одан әрі дамып келеді. Бұл өңірдің халықаралық қатынастардағы дербес субъект ретіндегі орнын нығайтуға жағдай жасайды, — деді ол.
ТМД: тарихи ортақтықтан болашақ жобаларына дейін
9 қазанда ТМД-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының отырысында Қазақстан тарихи байланыстар мен экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне басымдық берді. Достастықтың құрылғанына 35 жыл толуына орай Президент Тоқаев 1991 жылғы Алматы декларациясының рөлін атап өтіп, халықаралық қатынастар өзгеріп жатқан кезеңде мемлекеттер арасындағы сенімге негізделген тікелей диалогтың қажеттігін айтты.
Президент 2027–2030 жылдарға арналған ТМД-ның негізгі өнеркәсіптік-технологиялық жобалар топтамасын қалыптастыруды ұсынды. Бұл жобаларда қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық берілуге тиіс.
Бұл бастама Орталық Азия елдері басшыларының кездесуінде айтылған экономикалық ұстанымның жалғасы болды. Қазақстан бірлескен өндірісті дамыту арқылы ынтымақтастықты нығайтуды ұсынады. Алайда жобалардың ауқымы мен іске асыру тетіктері әртүрлі: көрші мемлекеттермен байланыста шекара маңындағы орталықтар мен өңірлік өндірістік тізбектерге басымдық берілсе, ТМД аясында ірі өнеркәсіптік-технологиялық жобалар топтамасын қалыптастыру көзделіп отыр.
Жасанды интеллект саласында Президент Тоқаев ғылыми орталықтар, университеттер, компаниялар мен стартаптардың қатысуымен стратегиялар, заңнама және мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша тәжірибе алмасуды ұсынды.
Тағы бір бастама — «ТМД плюс» форматындағы алғашқы саммитті өткізу. Отырыс қорытындысы бойынша ТМД қызметіне және мемлекеттердің алдағы ынтымақтастығына қатысты құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, 2028 жыл Әлеуметтік даму және өмір сапасы жылы, ал 2029 жыл ТМД-дағы көлік байланысы жылы болып жарияланды.
Шығыстанушы Жанат Момынқұловтың пікірінше, ТМД сауда, еңбек көші-қоны, техникалық стандарттар мен қауіпсіздік мәселелерінде әлі де маңызды рөл атқарады.
— Өңір өзара консультация өткізуге арналған тетіктерін дамытып, Әзербайжанмен байланысын нығайтып, Транскаспий халықаралық көлік бағытын ілгерілетіп келеді. Сонымен бірге Қытаймен, Еуропалық одақпен, АҚШ-пен, Ресеймен, Жапониямен, Кореямен және Парсы шығанағы елдерімен диалог жүргізіп отыр. Сыртқы әріптестерді өңірлік күн тәртібіне тарту Орталық Азияның халықаралық қатынастардағы дербестігін нығайтады, — деді сарапшы.
Каспий: экологияның экономикалық маңызы
Мемлекет басшысының жұмыс сапарындағы үшінші алаң — Каспий экологиялық саммиті. Қазақстан үшін теңіздің жай-күйін талқылау бұған дейін көтерілген табиғатты қорғау бастамаларының жалғасы болды.
2026 жылғы сәуірде Астанада өткен Өңірлік экономикалық саммитте Президент Қазақстан Каспий теңізінің одан әрі тозуына жол бермеуге бағытталған мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеу бастамасын көтергенін хабарлады. Сондай-ақ өңірдегі ғылыми ынтымақтастықты дамыту үшін Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылды.
Каспийдің табиғи тепе-теңдігін сақтау Орталық Азияны Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстыратын көлік дәлізінің тиімді жұмыс істеуі үшін де маңызды. Сондықтан экологиялық мәселелер бүгінде өңірлік саясаттың стратегиялық бағытына айналып отыр.
— Қазір теңіздің жай-күйі тек экологиялық мәселе емес. Су деңгейінің төмендеуі биоалуантүрлілікке, балық шаруашылығына, жағалау инфрақұрылымына, порттар мен көлік бағыттарына әсер етеді. Бұл, соның ішінде, Транскаспий көлік дәлізін дамытуға да ықпалын тигізеді, — деп түсіндірді Экономикалық зерттеулер институты Әлемдік экономика зерттеу орталығы директорының орынбасары Әлішер Базарбаев.
Қазақстанның Каспийді сақтау жөніндегі бастамалары ғылыми зерттеулерді, заманауи технологияларды және халықаралық үйлестіруді біріктіретін кешенді бағдарлама ретінде ұсынылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізін сақтау үшін халықаралық күш-жігерді біріктіріп, болашағы зор жобалардың ортақ топтамасын қалыптастыруға шақырды.
Авазада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастамалар Қазақстанның өңірлік саясатындағы ортақ ұстанымды айқындайды. Орталық Азия елдері басшыларының кездесуінде Қазақстан өңір ішіндегі экономикалық байланысты нығайтуды ұсынды. ТМД аясында ірі бірлескен өнеркәсіптік жобаларға көшу мәселесін көтерді. Ал Каспийге қатысты күн тәртібі қоршаған ортаның жай-күйіне де, көлік байланысының болашағына да әсер ететін табиғи жағдайларды қамтиды.
Астана экономика, көлік, су ресурстары, технология және гуманитарлық байланыстарды бірін-бірі толықтыратын ынтымақтастық бағыттары ретінде қарастыруды ұсынды. Ендігі міндет — осы бастамаларды келісілген жоспарларға, нақты жобаларға және орындалуы қамтамасыз етілетін міндеттемелерге айналдыру.
Бұл ұстаным Орталық Азияның тұрақты дамуы мемлекеттердің келісілген іс-қимылынсыз мүмкін емес екенін көрсетеді. Президент Тоқаевтың «Табысты Орталық Азия — табысты Қазақстан» қағидаты да ұлттық мүддеге прагматикалық тұрғыдан қарауды білдіреді. Өйткені елдің қауіпсіздігі мен өркендеуі көршілерінің тұрақтылығы мен әл-ауқатына тікелей байланысты.
Экономист Әлішер Базарбаевтың айтуынша, Түрікменстанда өткен Орталық Азия көшбасшыларының консультативтік кездесуі, ТМД саммиті және Каспий экологиялық форумы өңірлік сенімнің, кең ауқымды еуразиялық әріптестіктің және ортақ экожүйені қорғау мәселесінің біртұтас прагматикалық бағытта тоғысатынын көрсетті.
— Бұл үш алаңның әрқайсысы өз міндетін шешеді. Алайда үшеуінің де түпкі мақсаты — ортақ кеңістігіміздің тұрақтылығы мен экономикалық байланысын нығайту, — деді Ә.Базарбаев.
Келіссөздердің қорытындысы Орталық Азияның өз позициясын біртіндеп нығайтып, халықаралық саясаттағы ұйымшыл, беделді әрі дербес орталық ретінде дамудың жаңа кезеңіне қадам басып келе жатқанын көрсетеді.