Авиация саласының Оскары: FlyArystan төртінші жыл қатарынан жеңімпаз
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық FlyArystan әуекомпаниясы төртінші рет қатарынан Skytrax World Airline Awards сыйлығының «Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік лоукостер» санатында жеңімпаз атанды. Марапаттау рәсімі 18 қыркүйекте Ұлыбританияның Лондон қаласындағы Langham қонақүйінде өтті.
— FlyArystan әуекомпаниясын 2026 жылдың қорытындысы бойынша «Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік лоукостер» санатында төртінші рет қатарынан жеткен жеңісімен құттықтаймыз. Бұл — марапат әуекомпанияның жолаушылар арасындағы беделінің нығайып, қызмет көрсету сапасының жүйелі түрде артып келе жатқанының айқын дәлелі. FlyArystan басшылығы мен ұжымының бұл жетістікпен мақтануына толық негіз бар, — деп атап өтті Skytrax компаниясының бас директоры Эдвард Плейстед.
FlyArystan аталған марапатқа алғаш рет 2023 жылы ие болды, 2024 және 2025 жылдары қайтадан өңірдегі үздік лоукостер атанды. Төртінші рет қатарынан жеңіске жету әуекомпанияның қолжетімді әуе тасымалы нарығындағы орнының тұрақтылығын растап, қызмет көрсету сапасы мен қызмет көрсетудегі тәжірибесінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.
— Төртінші жыл қатарынан Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік лоукостер атану — біз үшін үлкен мәртебе. Бұл марапат ұжымның кәсібилігін, өз ісіне адалдығын және жолаушыларымызға бағдарланған ұстанымын көрсетеді. Лоукостер қызметінде адамдардың рөлі ерекше: қызмет көрсету сапасын айқындап, біздің бәсекелестік артықшылығымызды қалыптастыратын — қызметкерлер. Осы жетістікке үлес қосқан әрбір қызметкерімізді мақтан тұтамын. Біз жолаушыларымызға қолжетімді, жайлы әрі сапалы сапар ұсыну үшін бірлесе жұмыс істеуді жалғастырамыз, — деді «FlyArystan» АҚ Президенті және бас атқарушы директоры Йохан Эйдхаген.
FlyArystan-ның халықаралық деңгейде мойындалуы операциялық сенімділіктің жоғары көрсеткіштерімен де толықтырылады. 2026 жылдың жазғы маусымында әуекомпанияның рейстерді уақытылы орындау көрсеткіші 84%-ды құрады. Бұл Eurocontrol деректеріне сәйкес маусым-шілде айларындағы еуропалық әуекомпанияларының орташа 70% көрсеткішінен жоғары. Мұндай динамика FlyArystan-ның операциялық сенімділік пен жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмысын көрсетеді.
World Airline Awards қандай марапат
1999 жылы Skytrax тәуелсіз зерттеу агенттігі құрған World Airline Awards марапаты әлемдік авиацияда жолаушылардың қанағаттанушылығының ең беделді көрсеткіштерінің бірі саналады және жиі «Авиация саласының Оскары» деп аталады. World Airline Awards 2026 онлайн-сауалнамасы 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылдың мамырына дейін өткізілді және әлем бойынша 300-ден астам әуекомпаниясына қызмет көрсету сапасын бағалаған 100-ден астам елден респонденттерді қамтыды. Skytrax әуекомпанияларынан ешқандай тіркеу алымдарын немесе марапаттарды пайдаланғаны үшін ақы алмай, зерттеу және рәсім жүргізуді толық өз тарапынан қаржыландырады.
Айта кетейік, 1 наурыздан бастап FlyArystan бюджеттік әуе компаниясының президенті лауазымына Йохан Эйдхагеннің тағайындалған болатын.