Авиация, цифрландыру, ауыл шаруашылығы: Қазақстан мен Вьетнам қай салаларда ынтымақтасады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Қазақстан мен Вьетнам ынтымқтастығының үш перспективалық бағытын айтты.

Қазақстан мен Вьетнам
Фото: t.me/aqorda_resmi

− Бірінші бағыт — авиация саласы. Бүгінде әлемдік жүк әуетасымалы нарығының көлемі 140 миллиард АҚШ долларына бағаланады. Бұл өте ауқымды сала және Қазақстан халықаралық әуехабты дамытуға дайын. Біз «Qazaq Air» авиакомпаниясын сатып алу мәмілесін аяқтап жатқан Sovico Group компаниясымен ынтымақтастыққа ерекше мән береміз. Бұл ұшақтар паркін ұлғайтуға және заманауи логистикалық хабтар салуға мүмкіндік береді, − деді Е. Көшербаев елордада өткен Қазақстан-Вьетнам іскерлік дөңгелек үстелінде. 

Оның айтуынша, екінші маңызды бағыт — ауыл шаруашылығы болып отыр. Қазақстан егін және жайылымдық жер көлемі бойынша әлемде алтыншы орында тұр.

− Біз бидай экспорттаушы алғашқы 10 елдің қатарына кіреміз және ұн экспорты бойынша әлемдік көшбасшылардың біріміз. Алдағы үш жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы қуаты жылына 220 мың тоннадан астам ет өндіретін 29 құс фабрикасы, сондай-ақ жылына 850 миллион жұмыртқа өндіретін 11 жұмыртқа фабрикасы іске қосылады. Біз вьетнамдық серіктестерді бірлескен өндірістер құруға және заманауи, су үнемдейтін технологияларды енгізуге шақырамыз, − деді Премьер-Министр орынбсары.

Үкімет өкілі айтқан үшінші бағыт — цифрландыру және инновациялар. Қазақстан электронды үкіметтің жаһандық индексі бойынша 24-орында және онлайн қызметтер сапасы жөнінен алғашқы ондыққа кіреді.

− Биылғы алғашқы жартыжылдықта eGov арқылы 20 миллионнан астам онлайн-қызмет көрсетілді, бұл халықтың 90%-ының цифрлық шешімдерге қол жеткізгенін білдіреді. Біздің жетекші технопарк Astana Hub 1500-ден астам стартапты қолдайды, оның ішінде Google мен Microsoft компаниялары қатысатын жобалар да бар. Биыл біз Alem.AI атты Ұлттық жасанды интеллект орталығын іске қосамыз, ол технологиялық дамудың флагманына айналады. IT саласындағы көшбасшы ретінде Вьетнам біз үшін цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамыту, технологиялармен алмасу және мемлекеттік процестерге ЖИ енгізу бағыттарында стратегиялық серіктес бола алады, − деді Ермек Көшербев.

Айта кетейік, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 860 миллион долларға жетті. 

Бұған дейін вьетнамдық инвестордың Qazaq Air әуе компаниясының атауын өзгерткені хабарланған еді. Енді Qazaq Air VietJet Kazakhstan атуымен жұмыс істемек. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Ламды қарсы алды.

Соңғы жаңалықтар