17:37, 20 Наурыз 2014 | GMT +5
Австралия ӘТК ұшағы «Боинг» бөлшектерін таба алмады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Австралия әскери-теңіз күштерінің Р-3 ұшағы малайзиялық әуе компаниясына тиесілі лайнердің бөлшектері болуы мүмкін аумақты сүзіп шығып, ештеңе таба алмады. Бұл туралы елдің Теңізде жүзу қауіпсіздігі қызметінің ресми өкілі мәлім етті.
«Тұман мен жауынның әсерінен және көріну мүмкіншілігінің шектелуіне байланысты Р-3 экипажы ұшақ бөлшектерін таба алмады», - деді ол. Естеріңізге сала кетейік, Австралияның Премьер-министрі Тони Эббот елдің жерсерігі Malaysia Airlines әуе компаниясының 8 наурыз күні жоғалып кеткен ұшағының қирандылары болуы мүмкін нысандарды тапқандығын жария еткен еді. Осыдан кейін белгісіз заттар табылған ауданға Австралия ұшағы, оған іле-шала АҚШ пен Жаңа Зеландияның да әуе кемелері жөнелтілген-ді. Австралия «Боинг» ұшағын оңтүстік ауданда, яғни Индонезия жағалауынан құрлықтың батысына дейінгі аралықтағы іздеу жұмыстарына басшылық жасауда. 239 жолаушысы болған ұшақты іздеу жұмыстарына қазіргі уақытта 26 ел жұмылып отыр.