Австралия премьер-министрі ықтимал қауіпке байланысты Канберра резиденциясынан эвакуацияланды

АСТАНА. KAZINFORM – Австралия премьер-министрі Энтони Албаниз Канберрадағы өзінің ресми The Lodge резиденциясынан ықтимал қауіпке байланысты эвакуацияланды, деп жазады Анадолы.

Энтони Албаниз
Фото: Анадолы

SBS News таратқан ақпаратқа сәйкес, жергілікті уақыт бойынша шамамен 18:00-де полиция үкімет басшысының резиденциясында ауқымды тексеру жұмыстарын бастаған. Қауіпсіздік қызметтері ғимарат аумағын толық бақылауға алып, тиісті рәсімдерді жүргізген.

Қауіпсіздігіне қатер төніп тұрғаны туралы хабардан соң Албаниз басқа қауіпсіз орынға көшірілген. Алайда қазіргі сәтте қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін нақты факторлар анықталмағаны хабарланып отыр.

Ресми мәліметтерге сәйкес, резиденция аумағындағы тексеру шаралары әлі де жүріп жатыр.

Осыған дейін Австралия Иран елшісі мен үш дипломатты елден шығарғаны туралы жаздық.