Австралия су тасқынынан кейін жаңа салық енгізіп отыр
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - Австралия өкіметі соңғы айдың ішінде 35 адамның өмірін қиған және ел экономикасын тұралатып отырған су тасқынынан кейін елді қалпына келтіруге қаражат жинауға арналған жаңа уақытша салық енгізілетінін жария етті. Бұл туралы Утро.ру сайты хабарлады.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтеріне қарағанда, жаңа салық 2 миллиардқа жуық АҚШ долларын жинауға көмектеседі. Су тасқынынан ең қатты зардап шегіп отырған Виктория және Квинсленд штаттарының тұрғындары бұл салықты төлемейді. Сондай-ақ табысы 50 мың доллардан төмендер де бұл салықтан босатылады.
Су тасқынынан келген экономикалық шығын 10 миллиардтан астам долларға бағаланып отыр. Табиғат апатының салдарынан Квинсленд штатындағы көмір шахталарының 75 пайызы жабылды, осының нәтижесінде көмірдің әлемдік нарықтағы бағасы аспандап барады.