Австралия тарихында болмаған аптап - температура 42-43 градустан түспей тұр
АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Австралияның оңтүстік штаттарының тұрғындары үшін аптап ыстық маза бермей тұр.
Аймақта өткен аптаның соңынан бері ауа температурасы шегіне жетті. Бүгін, 17 қаңтарда ауа температурасы Аделаида қаласында 43 градусты көрсетуі ықтимал. Мельбурнда да аптап ыстық болып, сынап бағаналары 42 градусқа дейін көтеріледі. Осылайша Австралияның шамамен 4,3 млн тұрғыны бар екінші ірі қаласында ерекше рекорд орнамақ - температураны бақылау тарихында бұл көрсеткіш бірінші рет қатарынан төрт күн бойы 40-тан түспей тұр.
Мельбурнда тап қазіргі уақытта теннистен Австралияның ашық чемпионаты өтуде. Бейсенбіде аптап ыстыққа байланысты күндізгі көптеген матчтар тоқтатылып, кешке қайта жалғасын тапты. Бұл күні медицина қызметкерлері 970 көрерменге көмек көрсетті, олардың көбіне күн өткен, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.