11:49, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Австралияда 128 адам өрт құрбаны болды
КАНБЕРРА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат – Австралияның оңтүстігінде өршіп тұрған орман өрттерінің салдарынан қаза болғандардың саны, бүгінгі күнгі жағдай бойынша 128 адамға жетті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат «РИА «Новости» агенттігіне сілтеме жасап.Бұған дейін 108 адамның қазасы туралы хабарланған болатын. Адамдар Виктория штатының түрлі елді мекендерінде орын алған өрт оқиғаларының салдарынан қаза тапты. Полиция, құрбандардың саны әлі де көбею ықтималдығын жоққа шығармай отыр. Ең аз дегенде, 750 үй өртеніп кеткен, жүздеген адамдар баспанасыз қалған. Тілсіз жау 220 гектардан астам алқапқа жайылып отыр. Виктория штатының 4 мыңдай өрт сөндірушісі жалынды ауыздықтауға күш салуда, оларға Австралияның басқа да штаттарынан келген еріктілер қосылды. Осыдан екі апта бұрын Виктория штатында басталған өрт Жаңа Оңтүстік Уэльс штатына да таралып отыр. Өрттің өршуіне аптап ыстық та өз үлесін қосуда, өңірдегі ауа температурасы Цельсий бағамы бойынша 47 градус аптапты көрсетуде. Австралиялық метеорологтардың мәліметтері бойынша, Викторияда күн әлі де ыси түспек.