10:58, 16 Қазан 2015 | GMT +5
Австралияда 70 тонна контрабандалық табак тәркіленді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Австралиялық кеден қызметі жалпы салмағы 70 тоннаны құрайтын контрабандалық табактың (ел тарихындағы ең ірі партия) тәркіленгені туралы хабарлады. Тартып алынған тауар шамамен 30 млн долларға бағаланды, деп жазады Би-би-си.

Кеден қызметінің бағалауынша, тәркіленген табактан шамамен жарты миллион қорап темекі өндіруге болады.
Партия ағымдағы жылдың маусымында тәркіленді. Ол Индонезиядан үш кемемен тасымалданған.
Әлемдегі ең қымбат темекі құны Австралияда тіркелген, Marlboro-ның бір қорабы шамамен 20 АҚШ доллары тұрады. Ал Индонезияда оның құны - бір доллар.
Осы аптада Мельбурнде шамамен 6 млн қорап контрабандалық темекі тәркіленді, ал маусым айында билік БАӘ-ден елге заңсыз енгізілген 10 тонна табак өнімін анықтады.