Австралияда әйнек мешіт салынады (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Австралияның Ньюпорте қаласында көп ұзамай әлемдегі ең таңғажайып мешіттің құрылысы қолға алынбақшы. Бұл туралы Islam.kz сайты Islam today ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып хабарлады, деп жазады www.muslim.kz.
Оның ерекшелігі неде дейсіз ғой? Ол әйнектен салынады. Іште намаз оқып жатқан жамағат сырттан байқалып тұрады. Бұл мешіттің есігі келесі жылы жамағатына айқара ашып қалуы мүмкін.
Аталмыш жоба сәулетшісі Гленн Мёркат неліктен мұндай өзгеше мешіт салуға аңсары ауғанын былай түсіндіріп берді: "Мен Таяу Шығыстың дәстүрлі үлгісін қайталағым келмеді. Оның үстіне, осы заманғы адамдар еркіндікті, ашықтықты қалайтынын ескердім".
Айта кетейік, бұл жобаға егде жастағы мұсылмандар екіұдай пікір білдіріп, құптай қойған жоқ, Алайда, жастар қызу қолдау білдірді. Бұл мешіт жергілікті мұсылман жамағатының қаражаты есебінен салынады. Мешіт аумағында, сондай-ақ, кітапхана мен мейрамхана болады.