Австралияда динозаврдың әлемдегі ең үлкен ізі табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Квисленд университетінің палеонтологтар тобы Австралияның солтүстік-батысынан шөпқоректі зауроподтың алып ізін тапты. Бұл туралы The Washington Post-ға сілтемемен «Хабар 24» жазады.
Ол Австралия жағалауындағы James Price Point деген жерде табылған. Хайуанның табан ізінің ұзындығы рекордты 1,6 метрге жеткен.
Жалпы ғалымдар көне рептилиилердің 21 түрінің ізін тапқан.
«Біз әлемнің еш жерінен мұндай алуантүрлілікті көрмедік. Ал табылған іздердің бәрі таста қалған», - дейді зерттеуші Стив Солсбери.
Ғалым динозавр іздері табылған орынды заманауи «Юр дәуірінің паркіне» теңеп, ерекше қорықты қорғауды қамтамасыз етуге шақырды.
Сондай-ақ зерттеуші ғалымдар динозаврлар James Price Point аймағын осыдан 127-144 миллион жыл бұрын мекен еткен деген тоқтамға келді.