Австралияда ең жойқын су тасқыны елді әбігерге салуда

АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - Австралияда соңғы 90 жылдағы ең жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 8 адамға жетіп, 11 адам із-түзсіз жоғалғандар санатында, деп хабарлайды РБК.

Австралияда ең жойқын су тасқыны елді әбігерге салуда

Жүздеген адам қауіпсіз жерлерге көшірілді. Жойқын су тасқынына "Таша" дауылы әкеп соққан. Дүйсенбі күні Квинсленд штатындағы 90 мың тұрғыны бар Тувумба қаласының көшелерінде 8 метрге дейін көтерілген тасқын жүріп, жол бойындағы адамдар мен көліктер су астында қалды. Тұрғындарға ағаштар мен үйлердің шатырына көтерілуге тура келді. Құтқарушылар оларды тікұшақтармен көшіруде.

12 мыңнан астам тұрғын үй мен құрылыстар қирап, апаттан келген экономикалық шығын көлемі миллиардтаған долларға жетті. Квинсленд штатындағы көмір шахталарының жабылуы, әлемдік бағаның күрт жоғарылауына ықпал етті. Австралияға Біріккен Ұлттар Ұйымы қол ұшын беруге дайын екендігін білдірді. Сондай-ақ, ұйым қажет жағдайда халықаралық қоғамдастықтан да көмек сұрауға әзір.