Австралияда қасиетті жартастың жарығынан шыға алмай қалған туристерді құтқарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Австралиялық тауларда жартастың жарығынан шыға алмай қалған туристерді құтқару үшін 11 сағат уақыт кетті. Бұған тікұшақ тартылды, деп хабарлады The Sydney Morning Herald басылымы.
Оқиға дүйсенбі күні, 19 қыркүйекте орын алды. 23 жастағы үш австралиялық Солтүстік аумақ өңірінде орналасқан атақты Улуру тауына саяхатқа барды. Жартастың жарығына түспек болған жастар туристік жолдан ауытқып, қайта шыға алмаған.
Құтқарушылар оларға дүйсенбі күні кешке жетті. 20 қыркүйекке қараған түні туристерді қауіпсіз жерге шығарды. Солтүстік аумақтың жедел қызметінің өкілі ер адамдардың зардап шекпегенін атап өтті. Сондай-ақ ол Улурудағы жолдан шықпауды ескертті, деп жазады lenta.ru.
Жартастың биіктігі 348 метрді құрайды. Улуру әйгілі туристік нысан. Ол Бүкіләлемдік ЮНЕСКО мұрасының тізіміне енгізілген.