Австралияда пилотсыз жүк пойызын сынақтан өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Rio Tinto тау-металлургиялық компаниясы Батыс Австралияда пилотсыз жүк пойызын сынақтан өткізді, деп хабарлайды riotinto.com.

Австралияда пилотсыз жүк пойызын сынақтан өткізді

Тестілеу Батыс Австралияның Пилбара ауданында өткен. Ол жерде компания темір кенін өндіреді. Тест кезінде пойыз 100 шақырым жүріп өткен. Кабина мен вагондарда ешкім болмаған, экспериментті қашықтықтан Rio Tinto сарапшылары мен Батыс Австралия теміржол қауіпсіздік органдарының қызметкерлері бақылап отырған. Бұған дейін компанияның жүргізген пилотсыз пойыздардың сынағы кезінде кабинада машинист болған.

Компанияның атқарушы директоры Крис Солсберидің айтуынша, жаңа сынақ - әлемдегі алғашқы AutoHaul автономды теміржол жүйесін іске қосудағы маңызды қадам. Rio Tinto оны 2018 жылдың соңында пайдалануға енгізбекші, алайда одан бұрын компания Батыс Австралия билігінің рұқсатын алуы тиіс.