Аустралияда тапсырыспен кісі өлтірмек болған 15 жастағы жасөспірім тұтқындалды
СИДНЕЙ. KAZINFORM — Аустралия полициясы Швециядан келген 15 жастағы жасөспірімді тұтқындады. Ол арнайы шифрланған жабық бағдарламалар арқылы өз елінде және Данияда жалдамалы кісі өлтірушілерді жалдамақ болған, деп хабарлады Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Швециялық жасөспірім сейсенбі күні таңертең Аустралияның Сидней қаласында тұтқындалды. Оған «ақшаға тапсырыспен кісі өлтіру» бойынша халықаралық операцияны шифрланған қосымша арқылы жүргізуге талпынды деген күдік тағылды.
Дания полициясы бастығының орынбасары Ларс Фельдт-Расмуссеннің айтуынша, бұл әрекет Скандинавия аймағындағы жалғасып келе жатқан бандалық қақтығыстармен байланысты болуы мүмкін.
— Жасөспірім Дания мен Швецияда тапсырыспен кісі өлтіру үшін адамдарды жалдамақ болды деген күдікке ілінді, — деді ол.
SVT телеарнасының мәліметінше, ол бір рет интернет арқылы бір адамға Данияда кісі өлтіру үшін 200 мың швед кронын және қару ұсынған.
Қазір аты-жөні жарияланбаған бозбаланың үстінен екі елде — Аустралияда және Данияда — қылмыстық іс қозғалды.
Оған телекоммуникациялық желі арқылы құрылғыны пайдаланып, аса ауыр қылмыс – кісі өлтіруді ұйымдастыру мақсатында сөз байласу әрекетін жасағаны үшін айып тағылып отыр. Тағы бір айып – дәл сол мақсатпен кісі өлтіруге әрекеттену.
15 жастағы жасөспірім өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетейік, биылғы ақпанда Швецияда оқу орнында болған атыс кезінде шамамен 10 адам қаза тапқан еді.
Еске сала кетейік, Аустралияда төрт баласын өлтіргені үшін 20 жыл түрмеде отырған әйел ғылымның арқасында бостандыққа шыққан болатын.