Аустрияда ұрылар алтын тіс үшін 180 қабірді қазып, тонаған
АСТАНА. KAZINFORM — Аустрияның Төменгі Аустрия аймағындағы 18 зиратта белгісіз адамдар 180-ге жуық моланы қазып, алтын тістер мен құнды заттарды ұрлаған. Қылмыстық әрекет 2025 жылғы сәуірден 2026 жылдың сәуірге дейін жалғасқан, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі австриялық Heute басылымы мен жергілікті полицияға сілтеме жасап.
Аустриялық БАҚ-тың хабарлауынша, қаскүнемдер мәйіт жатқан қабір тақталарын жылжытып, табыттарды ашып не жарып, марқұмдардың сүйегін тексерген.
Кейбір қабірлерде марқұмдардың тістерін жұлып, тіпті төменгі жақ сүйегін сындырып алған. Қылмыс ізін жасыру үшін ауыр тақталарды қайта орнына қойғандықтан, кейбір қабірлердің ашылғаны бірнеше аптадан кейін ғана белгілі болған.
Полиция қабірлерді қорлау және бұзып кіріп, ұрлық жасау деректері бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Тергеушілер қылмысты бірнеше адамнан құралған топ жасаған деп санайды. Өйткені ауыр құлпытас тақталары мен зілдей табыттарды бір адамның қозғап, ашуы қиын. Әзірге күдіктілер анықталған жоқ, айғақтар да аз.
Қылмыстық әрекеттер 2024 жылы Вена мен Бургенландтың солтүстігінде басталып, кейін Төменгі Аустрияға дейін таралған. Корнойбургте ондаған сағана бүлінсе, Гросвайкерсдорфта 50-ге жуық қабір ашылған. Қылмыскерлер белгілі бір діни қауымға немесе әлеуметтік топқа тиесілі адамдардың қабірлерін ғана нысанаға алмаған.
Марқұмдардың жақындары үшін бұл оқиға ауыр соққы болды. Кейбірі туыстарының қабірін өздері тексерсе, енді бірі келтірілген шығынды анықтау үшін сағаналарды өз қаражатына аштырған. Полиция ұрлықты дәлелдеу оңай емес екенін атап өтті. Себебі марқұмдардың туыстары олардың алтын тістері болғанын немесе табытқа бағалы заттар салынғанын біле бермейді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жерлеу рәсімінің бағасы өзгергенін хабарлағанбыз.