Австралияда жерлестеріміз «Taldy-Kurgan» дәмханасын ашты
Австралияға Алматыдан демалуға барған Анна Хвостова дәмхананың ұлттық нақышта безендірілгенін және тұрмыстық заттардың ұлттық стильде жасалғанын айтқан.
«Әсіресе, бізге сол жерде шығарылатын қымыз қатты ұнады. Дәмхана қызметкерлері ол жердің иесі бұрын Талдықорған қаласында тұрғанын айтты. Жалпы, онда Қазақстанда кеңінен танымал ұлттық тағамдарды әзірлеп, насихаттау қиын емес. Себебі ол елде мал шаруашылығы, оның ішінде жылқы шаруашылығы жақсы дамыған. Ал біз дәмханада ішкен қымызды жергілікті бір фермада арнайы әдіспен дайындайды екен», - дейді Анна.
Аталған дәмхананың иелері Перовскийлер отбасы 90 жылдары Талдықорған қаласынан көшіп барған. Бастапқыда олар кішігірім балық зауытын ашып, кейін дәмханаға айналдырған. Қазақстанға келіп-кетіп жүрген сайын мекеменің ішін безендіруге қажетті ұлттық нақыштғы заттарды жеткізіп отырыпты. Ал Австралияда ұлттық асхана зор сұранысқа ие.
«Бүгінде қала тұрғындары мен туристер «Taldy-Kurgan» дәмханасына жиі келеді. Айта кетерлігі, елдің Аделаида қаласында дәл осындай атаумен тағы бір дәмхана жұмыс істеп тұр», - деп жазады басылым.