Австралиядағы орман өрттері: адамдар мұхитқа қашып жан сақтауда

АСТАНА. 7 қаңтар. ҚазАқпарат - Австралиядағы орман өрттері қазірдің өзінде жүзден астам үйді жалмады. Құтқару командалары орман өрттері жайлаған Тасмания аралдарында із-түзсіз жоғалған адамдарды іздестіруде, деп хабарлады Би-Би-си.

Австралиядағы орман өрттері: адамдар мұхитқа қашып жан сақтауда

Көптеген туристер мен жергілікті тұрғындар от қоршауында қалды. Қасіретке ұшырғандардың нақты саны беймәлім, дегенмен, өкімет орындарының мәліметтеріне қарағанда, мыңға тарта адам тап болған. Кейбір жағажайлар аузы-мұрнынан шығып толған: бірқатар жерлерде жалын тілі жағалауға жақындап қалды, адамдар мұхитқа қашып жан сақтауда. Куәгерлердің айтуынша, жалынның биіктігі он метрге жетті, ағаштар от-шашу тәрізді ұшқын атып жанып жатыр.

Австралия құрлығында орман өрттері бой бермей тұр. Оның себебі - елдің оңтүстігіндегі бұрын-соңды болмаған аптап ыстық.

Өрт сөндірушілер жақын уақыттарда ауаның температурасы төмендеп, желдің жылдамдығы бәсеңдейді деген синоптиктердің болжамына үміттеніп отыр.