Австралиядағы орман өрттері өрши түсуі мүмкін
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Австралияда халық тығыз қоныстанған Виктория және Оңтүстік Австралия штаттарындағы қатты ыстық салдарынан өткен аптаның соңында ондаған орман алқаптарын өрт жалыны шарпыған болатын, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.
Бес күн ішінде ауа температурасы Аделаида мен Мельбурнда 40 градустан жоғары көтерілген, бүгін бұл аймақтарда ыстықтың беті 25-30 градусқа дейін төмендеді.
Ауа райының бұлайша өзгеруінен жел күрт күшейіп, өртті өршіте түспек.
Виктория штатында қазір 35 өрт жалындап жанып жатыр. Оның ең ірі әрі қауіпті ошағы Грэмпианс ұлттық паркінде. Тілсіз жау 50 мыңнан астам гектар орманды жойып, Холлс Гэп атты шағын қалаға таяп қалды. 500-ден астам өрт сөндірушілер қызыл жалынмен айқасуға жұмылдырылды.
Оңтүстік Австралияда орын алған 30-дан астам өртті ауыздықтауға штаттың шығыс аудандарында жауып өткен жауын мүмкіндік берді. Аталған екі штатта да от тұтатуға тыйым салынған. Себебі, Виктория штатының полициясының хабарлауынша, мұндағы өткен аптада болған 70 өрттің 12-сі адамдардың отты абайсыз пайдалануынан тұтанған.