Австралиялық ғалымдар суықта ауаны жылытатын ерекше жүйе ойлап тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Австралиялық ғалымдар аптап ыстықта ауаны салқындатып, қытымыр аязда жылу беретін қарапайым, тың жүйе ойлап тапты. Ол жергілікті тұрғындар арасында сұранысқа ие бола бастаған, деп жазады «Хабар 24».

Австралиялық ғалымдар суықта ауаны жылытатын ерекше жүйе ойлап тапты

Үскірік аяз, бұрқасын боран болғанымен, жердің тек беткі қабаты ғана қататыны белгілі. Яғни жер астындағы жылу сыртқа шықпайды. Топырақ жылу жібермейді. Табиғаттың осы қасиетін австралиялық мамандар кәдеге жаратты. Олар жаздың ыстық ауасын жер асты қоймасына жинап, суық түскенде нысанды жылытуға пайдаланады.

Әуелде тың жүйе тек геологиялық ғылымдар агенттігінің нысандарында ғана қолданылатын. Қазір тұрғындар арасында да сұраныс артқан. 

«Бұл жүйе жердің тұрақты температурасын пайдаланады. 100 метр тереңдіктегі ауаның температурасы қысы-жазы 17-18 Цельсий градусты сақтайды», - дейді геологиялық ғылымдар агенттігінің қызметкері Ханна Слеттери.

Ғалымдар жаздың аптап ыстығында жер астындағы қоңыр салқын ауаны сорып алып, орнына ыстық ауа жинайды. Ал қыста жүйе керісінше жүреді. Геологиялық ғылымдар агенттігі осы технологияны ойлап тапқан сәтте бір миллион доллар үнемдеуді жоспарлаған. Одан бері электр қуаты қымбаттады. Сондықтан пайда ойдағыдан да көбейе түсті. Енді жергілікті тұрғындар мұны өз үйіне орнатып, ақшасын үнемдемек.

«Бұрын бізбен ешкімнің ісі болмайтын. Енді тапсырыс көбейді. Ісіміз оңға басқаны көрініп тұр», - дейді жүйені орнатушы Туис Смит.

Канберра жағалаудан алыс, биік жерде орналасқан. Сондықтан жазы ыстық, қысы қытымыр. Дәл осы климаттық жағдайға тың жүйенің тиімділігі мол. Бірақ тұрғындардың оны жаппай орнатуға қалтасы көтермейді. Сөйтіп бұл технологияның артықшылығы көп болғанымен, әркімнің қолы жете бермейтін қымбат жүйе болып есептеледі.