Австралиялық миллиардер әйгілі «Титаниктің» көшірмесін құрастырды
АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат - «Титаник-2» алып кемесінің билеті үшін болашақ жолаушылар миллион АҚШ долларын тәркі етуге дайын, деп хабарлайды 24.kz.
Австралиялық миллиардер Клайв Палмер әйгілі «Титаниктің» көшірмесін құрастырды. Жаңа лайнер 2016 жылы су айдынына жіберілуі мүмкін. Кеменің техникалық қауіпсіздігі заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілмек. «Жаңа кеменің суға батып кетуі мүмкін бе?» деген сұраққа, жоба авторы «иә, оған жарықшақ жасап қойсақ, ондай жағдай болуы мүмкін» деген жауап қайтарды. Дегенмен, «Титаникте» қаза тапқан адамдардың туыстары бұл туралы сан түрлі пікір айтуда. Біреулері тіпті сынға алса, тірі қалған Маргарет Браунның немерелері «бұл - 1912 жылы болған кеме апатындағыларға көрсетілген құрмет» деген ойда.
- Мен бұл жобаны «Титаникте» мерт болғандар мен тірі қалған адамдардың құрметіне жасалған деп қабылдаймын. Менің ойымша, кез келген адам өзін сонау кезеңнің тарихын өз басынан өткергендей болуы керек. Жаңа «Титаник» бортында әр адам өзгеше күйге бөленетініне сенемін,- дейді «Титаник» жолаушысының шөбересі Хелен Бенцигер.