21:20, 04 Қаңтар 2012 | GMT +5
Австрия: өрт сөндірушілер улы жыландарды көріп қаша жөнелді
АСТАНА. 4 қаңтар. ҚазАқпарат - Венаның шығысында болған өрт бойынша жедел шақырумен келген өрт сөндірушілер аяқасты қауіпке тап болды. Жанып жатқан қораның ішінде олар улы жыландарды байқады, деп хабарлайды Би-Би-Си.
Ассошиэйтед пресстің хабарлауынша, өрт сөндіру тобының 85 қызметкеріне жедел бой тасалауға тура келді.
Жалынды өшіру арнайы шақырылған жылан аулаушы маман жеті жыланды ұстап алған соң ғана мүмкін болды. Оның ішінде үнді әбжыланы мен екі австралиялық тайпан болды.
Өрт сөндіру күзеті департаменті өкілінің журналистерге айтуынша, рептилиялардың бірінің ұзындығы шамамен 2 метр болған.
Оның айтуынша, бұл жыландар төтенше улы. Олар Австрияда мекендемейді және олардың уына қарсы елдің клиникаларында у басатын ем жоқ, деп атап өтті баспасөз хатшысы.