Австрия Шмалленберг ауруына шалдыққан сиырлардың қаражатын қайтарудан бас тартуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Австрия жеткізушілері қазақстандық тарапқа ауруға шалдыққан сиырлардың қаражатын өтеуге асықпауда. Бұл туралы бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазАгро» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дулат Айтжанов мәлім етті.
«Біз арыз-шағым тастадық. Сот процесі жүріп жатыр. Бұның алдында біз сот процесін келісімшарт жасалған жерге бергенбіз. Енді оны үлкен деңгейге көтеру жоспарымыз бар», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, барлық мәселе австриялық тарапқа келіп тіреліп отыр. Бірақ бұл сұрақ «ҚазАгро» холдингінің жіті бақылауында.
Еске сала кетейік, 2012 жылы қыркүйекте Австриядан Солтүстік Қазақстан облысына 722 бас ірі қара мал әкелінген болатын. Олардан кейін вирустық диарея қоздырғышы және Шмалленберг ауруы анықталды.