Австрияда Рахат Әлиевтің үстінен іс қозғалды

АСТАНА. 12 шілде. ҚазАқпарат - Австрияда Қазақстанның Венадағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің үстінен бопсалау мақсатында адам ұрлады және өлтірді деген айыптау бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Австрияда Рахат Әлиевтің  үстінен     іс  қозғалды

Австрия прокуратурасы Рахат Әлиевтің ісі бойынша тергеудің шілде айының басында басталғанын қуаттады, деп хабарлайды РБК.

Р.Әлиев екі банкирді ұрлады және оларды өлтірді деп айыпталып отыр. Қазақстанда ол осы қылмыстары үшін кінәлі деп танылып, сырттай үкім шығарылған.

Прокуратура өкіліне сілтеме жасап Австрия БАҚ-тарының хабарлауынша, Австрия өкіметі Р.Әлиевтің қайда екенін білмейді. Прокуратураның ақпараты бойынша, Р.Әлиевтің Австрияда не босқын мәртебесі немесе тұруға құқығы жоқ. Оның соңғы кездері Мальтада тұрып келгені және Австрияға оралмақ емес екені хабарланды.

Қазақстан өкіметі Рахат Әлиевті ұстап беру туралы австриялық әріптестеріне екі рет өтініш жасап, екі рет теріс жауап алған еді. Қаза болғандардың туыстары Р.Әлиевтің үстінен Австрия сотына арыз берді. Бірнеше жылға созылған бұл істің түйіні шешілер күні әлі алыстау.

Австриялық бірқатар саяси және қоғамдық қайраткерлер әрекетсіздігі және қылмыскерге пана беріп отырғаны үшін өкіметті сынап, Р.Әлиевті сотқа тартуды талап еткен болатын. Наурыз айында Еуропалық комиссия Австрия прокуратурасына Әлиевтің ісі туралы сауал жолдаған еді.