Австриялық зейнеткер 16 ғылыми дәрежесін аты-жөніне қосып, рекорд орнатты

АСТАНА. KAZINFORM – Австрияның 86 жастағы тұрғыны Гюнтер Пихлер 16 академиялық дәреже жинап, ресми құжаттардағы аты-жөнінің ұзындығы бойынша ел рекордшысы атанды, деп хабарлайды DW.

ч
Фото: ORF телеарнасы

Бұл туралы зейнеткерден сұхбат алған 3Sat телеарнасы мәлімдеді.

Неміс тілінде сөйлейтін елдерде ғылыми дәрежелер мен атақтарға ерекше мән беріледі. Мәселен, Германияда адамның аты-жөнінің алдында көбіне профессор және доктор атақтары ғана көрсетіледі. Ал Австрияда басқа да академиялық дәрежелерді ресми құжаттарға енгізуге болады.

Гюнтер Пихлер осы мүмкіндікті пайдаланып, 16 академиялық дәреже жинаған. Олардың басым бөлігі әртүрлі ғылым салалары бойынша бакалавр және магистр дәрежелері.

Қазір оның ресми құжаттардағы толық аты-жөні былай жазылады: Prof. Mag. theol., Mag. rer. soc. oec., Lic. phil., Mag. DDr. phil., Mag. Dr. phil. fac. theol., Mag. Dr. iur, Lex legum Master (LLM), Bakk. theol., Bacc. theol., Bakk. phil., Bacc. phil. Günter Pichler.

Пихлер алғашқы академиялық дәрежесін 1970 жылы алған. Ал қалған дәрежелерінің көпшілігін зейнеткерлікке шыққаннан кейін иеленген.

– Мен білім алғанды өте жақсы көремін. Жаңа нәрселерді үйрену маған ұнайды. Ал академиялық дәрежелерді жинау мен үшін коллекция жинаумен бірдей, – деп түсіндірді ол.

Гюнтер Пихлер Австрияда аты-жөнінде ең көп академиялық атақ көрсетілген адам ретінде танылып отыр.

Салыстыру үшін, Германияның бұрынғы канцлері Конрад Аденауэр түрлі университеттердің 23 құрметті ғылыми дәрежесіне ие болған. Алайда бұл атақтар оның ресми құжаттарында аты-жөнінің бір бөлігі ретінде көрсетілмеген.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда «Болашақ» бағдарламасы аясында 68 және 70 жасқа таяған екі ғалымның ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқаны хабарланған болатын.