Австриялық Стефан Крафт Алматыдағы шаңғымен тұғырдан секіруден Әлем Кубогы Жазғы кезеңінің жеңімпазы атанды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Халықаралық «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешенінде ерлер мен әйелдер арасында шаңғымен тұғырдан секіру бойынша Әлем Кубогының FIS Grand Prix атты жетінші Жазғы кезеңі аяқталды.

Австриялық Стефан Крафт Алматыдағы шаңғымен тұғырдан секіруден Әлем Кубогы Жазғы кезеңінің жеңімпазы атанды

Ерлер арасындағы жарыста австриялық «ұшқыш шаңғышы» Стефан Крафт жеңімпаз атанды.

Оның жалпы көрсеткіші 307,6 метр. Айта кеткен жөн, ол жарыс алдында Алматыға арнайы келіп, екі апта бойы жаттыққан болатын. Айтуынша, бұл оған қарсыластарын басып озуға мүмкіндік берген. Ал словениялық шаңғышы Роберт Кранец 293,1 метрлік көрсеткішпен екінші орынды иеленді. Қола медаль ресейлік шаңғышы Ильмир Назетдиновке бұйырды. Оның көрсеткен жалпы нәтижесі 292,7 метр.

Бұл жарысқа Қазақстанның атынан ағалы-інілі Марат және Радик Жаппаровтар мен Сабыржан Момынов қатысқан болатын.

Тек Радик Жаппаров қана 244,5 метрлік жалпы нәтижемен алғашқы отыздыққа ене алды.

Айта кетелік, спортшылардың барлығы жарыстың өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Алматыда шаңғымен тұғырдан секіру бойынша өткен Әлем Кубогының жетінші Жазғы кезеңіне барлығы 14 елден 75 спортшы қатысты.