Автобус апатынан кейін баланың аяғы неге ампутацияланды – министрлік түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев елордадағы автобус апатынан кейін дәрігерлер жолаушының аяғын не себепті кесуге мәжбүр болғанын түсіндірді.

- Қоғамда кейбір адамдардың баланың аяғын сақтап қалуға қатысты медицина қызметкерлеріне сын айтып жатқаны ақылға қонымсыз. Жол-көлік апаты кезінде баланың аяғындағы тіннің барлығы ыдырап кеткен. Сондықтан аяғын сақтап қалу мүмкін емес еді, - деді Е. Нұрлыбаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда ол дәрігерлер бірінші кезекте баланың өмірін сақтап қалу үшін барынша әрекет еткенін айтты.
- Дәрігерлер өз жұмысын өте жақсы орындады. Қазір баланың тірі қалуы да медицина қызметкерлерінің еңбегі деп айтуға болады, - деді вице-министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін елордада қоғамдық көлік бағанға соғылып, бірнеше адам жарақат алғанын жазған едік. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілген болатын.
Артынша бір жолаушының аяғы ампутацияланғаны хабарланды.