15:24, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
«Автобус» іс-шарасының қорытындысы шығарылды
АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитеті қоғамдық көлік саласындағы заң бұзушылықтарды анықтауға бағытталған «Автобус» шұғыл алдын алу іс-шарасының қорытындысын шығарды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Комитеттің баспасөз қызметінің жетекшісі Алдияр Көптілеуовтің мәлімдеуінше, іс-шара өткізілген он күннің ішінде қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан жол жүру ережелерін бұзудың 18 мың оқиғасы тіркелген. Оның ішінде көлікті мас күйінде жүргізу, қоғамдық көлікті заңсыз қайта жабдықтау, жолаушыларды заңсыз тасымалдау, сондай-ақ көлікті есірткі заттарын пайдаланып жүргізу фактілері бар. Мәселен, ақпанның 25-і күні Тараз қаласында есірткі пайдаланып, №11 бағыттағы көлікті басқарған жүргізуші ұсталған. Ол көлікті жүргізу куәлігінен 2 жылға айырылды. Ал автобус паркінің бастығы мен механигі әкімшілік жазаға тартылып отыр. «Бүгінде қоғамдық қауіпсіздік мәселесі ерекше бақылануда. Себебі жыл сайын қоғамдық көлік жүргізушілердің кесірінен шамамен 350-дей жол-көлік апаты орын алады. Соның нәтижесінде 100-ге жуық адам мерт болып, 400-ден астам адам түрлі жарақат алады», - дейді А. Көптілеуов.