Автобус құрдымға құлаған Майқайың кентіндегі кәсіпорындар бюджетке қандай пайда әкеліп отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Майқайың — ерекшелігі басым елді мекен. Ерекше дейтіні сол, 9 мыңнан аса халықтың берекесіне айналған әлемге әйгілі алтын кеніші осында орын тепкен. Биыл Майқайыңның, ондағы тау-кен өндірісінің алғаш өз алдына құрылғанына 92 жыл толады.

майқайың
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Майқайың өз алдына елді мекен болғалы оның экономикасы жерасты байлығына тәуелді. Алтын кеніші жергілікті халықты асырап отыр.

«Майқайыңалтын» акционерлік қоғамы Ертістің Павлодар өңіріндегі ең алғаш құрылған тау-кен өндірісі екенін де атап өткен абзал. Ондағы кенішке тұңғыш экскаватор 1940 жылы түсірілген екен. Ол бумен жұмыс істейтін еді. Бүгінде кәсіпорынға екі кеніш және кен-байыту фабрикасы қарайды. Жергілікті халықтың дені бүгінде алтын өндірісінде еңбек етеді.

майқайың
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

— Майқайың кентінің әкімшілік аумағына Майкөбе, Сұлужон, Үшқұлын, Шөптікөл ауылдары кіреді. Бүгінде кент пен оған қарасты ауылдарда «Майқайыңалтын» АҚ-нан бөлек, пайдалы қазбалар өндірумен 5 бірдей кәсіпорын айналысады. Олар — көмір өндіретін «Майкубен Вест» акционерлік қоғамы, «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы — «Керегетас» кеніші, «Майқайың ақтас өндіру зауыты» ЖШС, «Пневмосоққыш бұрғылау» ғылыми өндірістік кәсіпорны» ЖШС, «IBM Gold» ЖШС, - деп атап көрсетті Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев Kazinform агенттігінің тілшісіне берген жауабында. 

Былтыр «Майқайыңалтын» АҚ аудандық бюджетке 840 млн 714 мың теңге салық төлеген. Ең үлкен салық төлеуші — «Майкубен Вест» АҚ, өткен жылы бұл өндіріс орны жергілікті қазынаға 1 млрд 681,3 млн теңге қаржы құйған. 

майқайың
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Сонымен қатар, жерді пайдаланғаны үшін 2023 жылы келесідей қосымша салық төленген:

— «Майқайыңалтын» АҚ — 6 млн 739 мың теңге;
— «Майкубен Вест» АҚ — 46 млн 314 мың теңге;
— «Керегетас» кеніші — 8 млн 329 мың теңге;
— «Пневмосоққыш бұрғылау» ЖШС — 1 млн 531 мың теңге;
— «Гравелит» ЖШС — 192 мың теңге.

Соңғы аталған екі кәсіпорын жергілікті кәсіпкер Тимур Қабдуловқа тиесілі. Ол — «Майқайыңалтын» АҚ бас директорының кеңесшісі Орынжан Қабдуловтың ұлы. 

майқайың
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар