Автобуста домбыра шерткен шыңжаңдық бала көпшіліктің ықыласына бөленді
АСТАНА. KAZINFORM - Автобуста домбыра шертіп отырған жасөспірім көпшіліктің назарын өзіне аударды, деп хабарлайды Қытайдың Harajorga ақпараттық желісі.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, жақында шыңжаңдық жас жеткіншектің автобуста домбыра шертіп отырған видеосы әлеуметтік желілерде тараған. Видеоны көрген желі қолданушылары ыстық ықыласын білдірген.
Келтірілген деректерге сүйенсек, автобус жүргізушісі жасөспірім баланың домбырамен қоғамдық көлікте отырғанын көріп оған «бір күй тартып берсеңші» деп өтінеді. Жолаушы бала еш тартынбастан домбырасын қолына алып көсілте күй шерте жөнеледі.
- Домбыраның күмбірлі үні қысқы күндегі автобус ішіне жылулық пен жарасымдылық сыйлады. Әлеуметтік желі қолданушылары кішкентай баланың тартымды өнеріне риза болып, жақсы тілегін айтып жатты, - деп жазады қытайлық басылым.
Биыл Қытайда темір жолмен тасымалданған адамдар саны 4 миллиардтан асқанын жазған болатынбыз.