Автобуста жалған құжатпен жүрген елордалыққа 700 мың теңге айыппұл қаупі төнді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының №2 Есіл аудандық соты қоғамдық көлікте тегін жүру үшін жалған құжатты қолданған тұрғынға үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Астана LRT» компаниясына сілтеме жасап.
Тергеу материалдарына сәйкес, 1977 жылы туған әйел 2016 жылы жалған зейнеткерлік куәлікті 25 мың теңгеге сатып алған. Оның заңға қайшы әрекеті ҚР Қылмыстық Кодексінің 385-бабы, 3-бөлігінде (жалған құжатты пайдалану) қарастырылған.
«Аталған бапқа сәйкес, құқықбұзушылық үшін 300 АЕК-ке дейін (2018 жылы 721 500 теңге) айыппұл салу, түзету жұмыстарына немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 75 тәулікке қамауға алу жазалары көзделген. Сот үкім шығарарда бірқатар жағдайды ескерді: сотталушы өз айыбын толық мойындап, өкініш білдірді, бұрын сотталмаған. Астаналық тұрғын айыпты деп танылып, оған 60 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту түрінде жаза тағайындалды», - деп хабарлады «Астана LRT».
Сондай-ақ, айыпкер іс бойынша жүргізілген сараптамалар үшін мемлекетке 31 296,18 теңге төлейді.
Еске сала кетсек, ақпан айында «Астана LRT» ЖШС көліктік бақылау департаментінің инспекторлары 51-бағдардағы автобустан зейнет жасына байланысты жәрдемақы алушының жалған куәлігін көрсеткен жолаушыны әшкереледі.
Сонымен бірге, мәлім етілгендей, хабарландыру сайттары арқылы жалған зейнеткерлік куәліктерді сатқан Астана тұрғынына қатысты сот отырысы өткен.
«Астана қаласындағы №2 Алматы аудандық соты 2016 жылдың қаңтар айында айыпкерлердің бірі қоғамдық көліктерде тегін жүру үшін жалған куәлік сатып алғанын анықтады. 2017 жылдың қазан айында екі әйел жалған зейнеткерлік куәліктерді жасап, сатылымға шығаруды ұйымдастырған. Олардың бірі «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес АҚ филиалы - «Ведомствоаралық әлеуметтік төлемдер есеп орталығы» департаментінде жұмыс істеген және департаменттің жоғалған мөртаңбасын иемденген», - деп атап өтті «Астана LRT».
Оларға 9 млн 620 мың теңге көлемінде айыппұл немесе түзеу жұмыстары немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазаларының бірі тағайындалуы тиіс еді. Сот екі әйелдің кәмелет жасқа толмаған балалары барын ескеріп, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын бекітті.
«2018 жылдың басынан бастап, жол ақысын төлеудің электронды жүйеге өтуіне байланысты, жеңілдік санатына жататын елорданың барлық тұрғындары электронды көлік картасын алуы тиіс. Алайда, әзірге электронды карталармен қатар, қағаз куәліктер де өз күшінде. Бұл жағдайды жолақысын үнемдегісі келетіндер пайдаланып отыр. Жеңілдік санатындағы Астананың барлық тұрғындарын атаулы көліктік карта алуға шақырамыз», - деп мәлімдеді Астана LRT.