Автобустағы жарылыстан 2 адам мерт болып, 32-сі жараланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың оңтүстігіндегі Гуанчжоу қаласында автобус жарылып 2 адам мерт болды, сонымен бірге 32 адам жарақат алды, деп хабарлады шетелдік БАҚ.
Жолаушылар көлігі сейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша 19:30-да стансаға кіреберісте жарылған. Күйік шалып, жарақат алғандардың басым бөлігі - аялдамада автобус күтіп тұрған жолаушылар. Жарақаттанған 8 жолаушының жағдайы тым мүшкіл. «Мен жарылыс болғанын естідім, ал 5 минуттан кейін автобус қызыл жалынға оранды», - дейді аман қалған жолаушылардың бірі.
Полиция осы оқиғаға байланысты тергеу амалдарын бастады.
Айта кетейік, осы айдың ішінде Қытайда автобустың өртенуі салдарынан 32 адам жарақат алған. Ол кезде жолаушылардың бірі жол қапшығына өрт қауіпті сұйықтық құйып, жағып жіберген. Полиция оның бұл әрекетін танымал болу үшін жасаған қадам деп мәлімдеген еді.