Автобустық бағыттарға билет сату бәсекелестік ортаға берілді
АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері жөнінде өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының өз күшіне енуіне байланысты
отандық тасымалдаушылар ендігі жерде бағыттық автобустарға билетті теміржол немесе авиакассалар секілді агенттік-кассалар, терминалдар мен интернет-ресурстар арқылы сатуды ұйымдастыра алады.
Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады
Сондай-ақ, заңға енгізілген өзгертулер заңды және жеке тұлғалардың автобустық бағыттарға билет сатуына құқық беруімен қатар электрондық билет сатуды дамытуға да бағытталған.
Бұдан басқа, жаңа заңда жолаушылар тасымалын жүзеге асыру барысында автобустардың қозғалысына мониторинг (диспетчерлік) жүргізуде заманауи телекоммуникация жүйелерін қолдану міндеттелген. Мониторинг онлайн - режимінде навигациялық жерсеріктік жүйе арқылы жүргізіледі және автобустардың қозғалысының оңтайлы арақашықтығын анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні мұндай мониторинг жүйесі Астана, Алматы қалалары мен еліміздің 9 облыс орталығында енгізілген. Осы жүйенің көмегімен алынған мәліметтер қалалық бағыттық автобустарды бюджеттен субсидиялау барысында ескеріледі.
Такси тасымалы нарығын дамыту мақсатында заңға такси қызметінің ұлттық стандарттарға сәйкес келуі туралы толықтырулар енгізіліп, әуежай, вокзал, сауда орындары, театр, базар және т.б. орындардың маңында такси тұрағын ұйымдастыру және жабдықтау міндеті жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне берілу арқылы инфрақұрылымды дамыту тетіктері бекітілді.
Автовокзалдар мен автобекеттер жоқ елді мекендерде жолаушылар тасымалы үшін кешенді инфрақұрылымды дамыту үшін жолаушыларға қызмет көрсету пункттерін салу қарастырылған.
Сондай-ақ, шетелдік тасымалдаушының транзиттік рейстен кері қайтып бара жатқан жолда Қазақстаннан жүкті өзге мемлекеттерге алып кетуіне рұқсат беретін норма заңнан алынып тасталған.
Бұл тәжірибе отандық тасымалдаушылардың Қазақстаннан өзге мемлекеттерге жүк тасымалдау нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі мен жүк тасымалы қызметінің нарығындағы қазақстандық мазмұнның үлесін төмендетіп жіберген болатын.