Автокөлік Бұқтырма су қоймасында мұз жарығына түсіп кетті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар Бұқтырма су қоймасында тереңдігі 70 сантиметрлік мұз жарығына түсіп кеткен көлікті алып шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ШҚО ТЖД-ға сілтеме жасап.
Оқиға Зырян ауданында түн мезгілінде болған. Үш жігіт мінген «Хайландер» көлігінің алдыңғы дөңгелегі су қоймасындағы мұз жарығына түсіп кеткен. Жағаға дейін 1 шақырым қашықтық болғандықтан, олар құтқарушылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
ТЖД мамандары түнгі үштер шамасында көмекке келіп, жолаушыларды Жаңа Бұқтырма кентіне жеткізді. Көлікті мұз ойығынан сүйреп шығаруға көмектесті.
ШҚО ТЖД қызметкерлері тұрғындарды мұз үстіне шыққанда сақ болып, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шықырады.