Автокөлікке артық жүк тиегендер айыппұл төлейді

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Көлікті бақылау комитеті жұмысының қорытындылары бойынша ағымдағы жылдың 10 айлық мерзімінде тексерілген карьерлік автокөлік құралдарының 2227-інде ауытқулар тіркелген.

Автокөлікке артық жүк тиегендер айыппұл төлейді

ҚР ККМ Көлікті бақылау комитетінің төрағасы Асет Асавбаев карьерлік жүктерді тасымалдаушылардың ең басты проблемасы салмақ мөлшерін бұзу екенін белгіледі.

«Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңына енгізілген жүк жөнелтушінің әкімшілік жауапкершілігін ескеретін өзгертулер осы жылдан бастап жұмыс істейді: «Яғни біз бұрын салмағы артық автокөлік құралдарының иелерін ғана жазаласақ, енді айыппұлды жүкті саналы түрде артық тиегендер де төлейді», деп айқындады ол.

Осылайша, карьерлік жүкті арту кезінде салмақ мөлшерінен асып-түскені үшін 4 ай ішінде 45 жүк жөнелтуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес елде артық салмақпен жүргені үшін әкімшілік айыппұлдар көлемі үлкейтілді: жеке тұлға және жеке кәсіпкер үшін айыппұл мөлшері - 200 АЕК, ал кіші және орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 500 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға - 1000 АЕК.

Одан басқа, өзгерістерге сәйкес жүк жөнелтуші автокөлік құралына жүк артқанда салмақ мөлшерлерінен асып-түскені үшін жеке тұлға және ЖК 10-нан 15-ке АЕК, кіші және орта кәсіпкерлік субъектілері - 30-дан 50-ге дейін АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға - 80-нен 100-ге дейін АЕК айыппұл қөзделген, деп хабарлады ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен.