Автокөліктерді техбайқаудан өткізуге бір жылдық мораторий енгізу керек - В. Рогалев

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат -  Автокөліктерді міндетті техникалық байқаудан өткізуге бір жылдық мораторий енгізу керек.

Автокөліктерді техбайқаудан өткізуге бір жылдық мораторий енгізу керек - В. Рогалев

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Виктор Рогалев осы мәселені көтерді.

Өз сауалында депутат ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап көптеген көлік иелерінің автокөліктерін техникалық байқаудан өткізу барысында қиыншылықтарға тап болғанын атап өтті.

«Бүгінгі күні көлік иелерінің барлығы бірдей автокөліктерін өз уақытында техникалық байқаудан өткізе алмайтын болып отыр. Өйткені республика аумағында мамандандырылған стансалар жеткіліксіз. Жүргізушілерге жүздеген шақырым жүріп, уақыты мен қаражатын шығындай отырып,  арнайы стансалары бар қалалардан техникалық байқау өткізуге тура келеді», - дейді В. Рогалев. Оның айтуынша, орын алған проблемаларды шешу мақсатында бірқатар шараларды заңнамалық деңгейде қамту қажет. Мәселен, депутат жаңа автокөліктер иелеріне оның шығарылған мерзімінен бастап үш жыл бойына ешқандай техбайқауды міндеттемеу керектігін алға тартады. Ал одан кейінгі жылдары техникалық байқаудың екі жылда бір рет өткізілгені орынды.

«Техникалық байқауды өткізу барысында орын алған проблемалық жағдайларға байланысты бір жыл бойына автокөліктер иелері үшін міндетті техникалық байқау өткізуге мораторий енгізілсе. Көлік және коммуникация министрлігіне ел аумақтарында мамандандырылған техникалық байқау стансаларын толық қамтамасыз ету шараларын жүктеу қажет. Техбайқау барысында сыбайлас жемқорлыққа жол беру немесе станса иегерлері арасында мәмілелесу фактілерін де болдырмау керек», - дейді В. Рогалев.