Автокөліктердің жалған транзитінен мемлекетке 100 млн теңгеге жуық залал келген
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде автокөлік құралдарының жалған транзит схемалары анықталған болатын. Бұл ретте мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы 98,8 миллион теңгеден астам. Тиісті шараларды жүргізу үшін іс Маңғыстау облысының экономикалық тергеп-тексеру департаментіне берілді. Күдіктілердің кінәсінің дәрежесін айқындай отырып, түпкілікті шешім тергеу нәтижелері бойынша қабылданады.
Сондай-ақ, 2019-2022 жылдар кезеңінде Қазақстанға Маңғыстау облысының кедендік өткізу пунктілері арқылы «уақытша әкелу» рәсімі бойынша он мыңнан астам автокөлік құралдары әкелінген. Оның ішінде 9 800 автокөлікте мерзім өткендігі және оларды ЕАЭО-дан кері әкету міндеті жүзеге асырылмағандығы анықталды. Мемлекетке төленбеген кедендік төлемдер мен салықтар – 10 млрд теңгеден артық.
Комитеттің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, осы фактілер бойынша полиция органдарымен тиісті бірлескен жұмыстар, ЕАЭО кеден органдарымен ақпарат алмасу процесі жүргізіліп жатыр.