Автокөлікпен жүк тасымалы: отандық копаниялардың үлесі қандай
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Көлік министрлігі автокөлікпен жүк тасымалдаушы отандық компаниялар қазір нарықтың неше пайызын қамтып отырғаны жайында түсінік берді.

— 2023 жылдың қорытындысы бойынша отандық тасымалдаушылардың халықаралық жүк тасымалдары нарығындағы үлесі 50% құраса (2021 жылы — 31%, 2022 жылы — 43%), 2024 жылдың 9 ай қорытындысы бойынша 51 пайызға жетті, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Атап айтқанда, жалпы 2024 жылдың қорытындысы бойынша статистикалық мәліметтер биылғы ақпан айында дайын болады.
— Сонымен қатар 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайы бойынша елімізде 9 500 көлік компаниясы тіркелген және олардың 92 900 жүк автокөлігі бар. Соның ішінде шамамен 58 мыңы негізінен Қытай және Өзбекстан бағытында жүк тасымалдарын жүзеге асырады, ал алыс шетелге шамамен 2 400 көлік компаниясы 35 мыңнан астам автокөлік құралымен (соның ішінде тіркемелер/жартылай тіркемелер) тасымалдарды орындап келеді. Жоғарыда аталғандай отандық тасымалдаушылардың халықаралық нарықтағы үлесі 50%-ға дейін артты (2021 жылы 31% құрады), — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Сонымен қатар Көлік министрлігі Қазақстанда шетелдік капиталдың қатысуымен жүк тасымалында неше көлік компаниясы бар екенін нақтылады.
— Кейінгі онжылдықта Қазастақстанда шетел капиталының қатысуымен (Германия, Латвия, Литва, Нидерланды, Түркия, Иран, Италия, Ресей, Белоруссия, Пәкістан, Грузия) бірлескен 50 көлік кәсіпорны тіркелген және олардың паркінде 1 964 автокөлік бар. Осы бірлескен кәсіпорындар мен олардың автокөлік құралдары Қазақстанда тіркелген, сондай-ақ олар ел экономикасына инвестиция құйып, салық төлеп, қосымша жұмыс орындарымен қамтитын қазақстандық компаниялар ретінде саналады, — делінген министрлік мәліметінде.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылдың 15 қаңтарынан отандық тасымалдаушылар үшін жүктерді халықаралық тасымалдауға жаңа тетік енгізілді.