Автокөлікті техникалық байқаудан өткізу сапасын тиімді бақылаудың жаңа тетіктері әзірленеді
АСТАНА. KAZINFORM — Автокөлікті техникалық байқаудан өткізу сапасын тиімді бақылаудың жаңа тетіктері әзірленеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.
«Мемлекет басшысы қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екі ай мерзімде қылмыспен, оның ішінде алаяқтықпен күрес бойынша қосымша шаралар кешенін әзірлеуі қажет. Бұдан басқа, Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың профилактикасы жөніндегі түзетулерді көздейтін заң жобасын ілгерілету жұмысын жандандыруы қажет», - деді ол.
Сондай-ақ, Олжас Бектенов жол-көлік оқиғаларының және жолдарда адамдардың қаза болу көрсеткіштерін азайту мәселелеріне ерекше назар аудару керектігіне тоқталды.
«Сондықтан Көлік министрлігіне зияткерлік жүйелерді енгізе отырып, қауіпсіз жол инфрақұрылымын құруды қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы жылдың соңына дейін автокөлікті техникалық байқаудан өткізу сапасын тиімді бақылаудың жаңа тетіктерін әзірлеуді тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.