Автоматтандыру саласында қазақстандық өнімдеріне сұранысты қамтамасыз ету қажет
АСТАНА. ҚазАқпарат - Автоматтандыру саласында қазақстандық зерттеулерге басымдық беріліп, олардың өнімдеріне сұранысты қамтамасыз ететін уақыт жетті. Бұндай пікірді Қазақстанның IT-компаниялар қауымдастығының президенті Нұрлан Исин астанада өткен «Қазақстан: XXI ғасырдағы автоматтандыру» атты дөңгелек үстел барысында мәлім етті.
Жиынға қатысушылардың пайымынша, автоматтандыру саласында отандық жобалар бәсекеге қабілеттілігін көрсете алатын деңгейге жетіп отыр.
«Алайда дайын импорттық ұсыныстың қыспағы салдарынан отандық өнімге сұраныс төмен. Расында, Қазақстанда салаларды автоматтандыру ісінде импорттық ұсыныстарға басымдық беріліп келеді», - дейді Қазақстанның IT-компаниялар қауымдастығының президенті Нұрлан Исин. Оның пікірінше, қаржы мен банк, мұнай-газ, металлургия, көлік және энергетика секілді еліміздің көптеген салалары әлі күнге дейін тек аса қымбат шетелдік автоматтандыру жобаларын енгізіп отыр.
«Менің ойымша, вендерлер мен шетелдік компаниялардың ұсыныстарының ықпалымен жүре беруге болмайды. Қазақстандық зерттеушілерге басымдық беріліп, олардың өнімдеріне сұранысты қамтамасыз ету туралы ойлану қажет, әйтпесе еліміз шетелдік компаниялардың «тұтқынында» қалып, барлық отандық мамандар олардың жұмысшыларына айналатын болады», - дейді Н. Исин.
Бұл ретте қауымдастық басшысы қазіргі заманғы автоматтандыруды жұртшылық көбінесе ақпараттық технологиялар ретінде ғана қабылдайтынын алға тартады.
«Автоматтандыру - бұдан да кеңірек ұғым және ол ақпараттандыру үрдісі көмегімен жасалынады», - деді ол. Жиын барысында мәлім болғанындай, ARTA Software, NEWinttech, Asia Soft, Dynamics Technologies, ARTA Learning Solutions секілді отандық компаниялардың тәжірибесі қазақстандық өнімдердің автоматтандыру бойынша жемісті тәжірибе жинақтағанын айқын аңғартады.