Автоматтандырылған электр қуатын бақылау және есептеу жүйесінің артықшылығы аз емес - Энергетикалық кеден бекетінің басшысы
АЛМАТЫ. 1 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Автоматтандырылған электр қуатын бақылау және есептеу жүйесінің (АЭБЕЖ) артықшылығы ҚР шекарасы арқылы өткізілетін электр қуатының көлемі туралы ақпаратты қашықтықтан үздіксіз жинайды,
өңдейді, сақтайды, айқын көрсетеді және өткізеді. Бұл жайында 29 қазан күні өткен журналистік тур барысында "Энергетикалық" кеден бекетінің басшысы Еркебұлан Сағитов айтты.
«Ұялы байланыс, интернет құрылғыларының көрсеткіштері шынайы уақытта Кедендік бақылау департаменті мен ҚР Қаржы министрлігі кедендік бақылау комитетінің серверлеріне келіп түседі. Есеп құрылғыларының көрсеткіштері ұсынылған коммерциялық ақпараттармен салыстырылады», - деп атап өтті өз сөзінде Е.Сағитов.
Сондай-ақ ол Алматының еліміздің қуат көзін көп пайдаланатын қалалардың бірі екендігін айта келе, күн сайын көрші мемлекеттер мен басқа да аймақтардан құбыр және электр өткізгіш желілері арқылы көгілдір отын, мұнай өнімдері мен электр қуаты сияқты энергия қорлары келіп түсетіндігін жеткізді. "Дегенмен өте қажетті тауар заңнамаларға сәйкес кедендік рәсімдеуді қажет етеді. Тек осы жылдың соңғы 9 айында бекеттің сыртқы сауда айналымы 232950,644 мың АҚШ долларын құрады. Бюджетке 3 млрд. теңге кедендік түсімдер мен салықтар түсімі құйылды", дейді "Энергетикалық" кеден бекетінің басшысы.